Бүгінде білім беру жүйесінің басты міндеті – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Ел болашағының кепілі саналатын жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті, білімді әрі отансүйгіш азамат болып қалыптасуы – білім саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында оқыту сапасын арттыру, тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жетілдіру, функционалдық сауаттылықты дамыту және заманауи талаптарға сай білім беру мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Осы бағыттағы жұмыстарды талқылау және алдағы міндеттерді айқындау мақсатында 2026 жылғы 5 мамыр күні Талшық орта мектебінде Ақжар ауданының білім беру ұйымдары басшыларының Кеңесі өтті. Аталған жиынға Ақжар ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Алин Нұрбол Қайырұлы және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Абдрахманов Амангелді Еслямбекұлы қатысып, ауданның білім беру саласындағы негізгі бағыттары мен алдағы міндеттері талқылады. Кеңес аясында 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, көрмеде аудан оқушылары мен педагогтерінің облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиада, ғылыми жоба, зияткерлік байқаулар мен спорттық жарыстардағы жетістіктері таныстырылды. Сонымен қатар, педагогтердің кәсіби байқаулардағы табыстары мен үздік тәжірибелері көпшілік назарына ұсынылды. Кеңес отырысында ауданның білім беру жүйесінің қазіргі жағдайы жан-жақты сараланып, сапалы білім беру мен тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды мәселелер көтерілді. Жиын барысында аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Ляззат Олжабаева Ақжар ауданының білім беру жүйесінің даму көрсеткіштері мен өзекті мәселелері туралы баяндама жасап, білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, №2 Ленинград орта мектебі директоры Гульнар Мамырбековна 4 және 9-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін мониторингтеу нәтижелерін таныстырып, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мен білім сапасын объективті бағалаудың маңызын атап өтті. Кеңесте тәрбие және экологиялық мәдениет бағытындағы жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Аудандық әдістемелік кабинетінің әдіскері Айжан Хасенова «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаса, Қали Хадесұлы атындағы Жаңаауыл орта мектебі директоры Айман Тажмиева «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастырудағы мектептің рөліне тоқталды. Жиынға білім бөлімі қызметкерлері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері және қосымша білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Кеңес барысында білім сапасын арттыру, мектепішілік бақылауды күшейту, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, тәрбие және экологиялық жобаларды жүйелі жүзеге асыру бағытында нақты тапсырмалар берілді. Білім бөлімінің басшысы Ерик Рамазанович өз сөзінде ауданның білім беру жүйесін дамыту – ортақ міндет екенін атап өтіп, барлық білім беру ұйымдарына қойылған мақсаттар мен міндеттерді сапалы жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ Кеңес отырысы ауданның білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген педагогтерді марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Қазақстандық білім беру, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен кәсіподақ ардагері Шапенов Мухамед Мухамедьярұлы, Қазақстандық білім беру, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен «Еркетай» балабақшасы меңгерушісі Смагулова Роза Теміркенқызы, Білім жүйесіндегі көпжылғы адал еңбегі үшін Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен Қарашілік орта мектебі директоры Бахия Хамитқызы Махатова, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен Айсары негізгі мектебі директоры Қамар Ералиқызы Шакенова марапатталды. Бүгінгі білімді де тәрбиелі ұрпақ – елдің ертеңгі жарқын болашағы. Сондықтан аудан педагогтері мен білім беру ұйымдарының алдында тұрған басты міндет – заман талабына сай білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген жас ұрпақты тәрбиелеу. Бірлескен еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде Ақжар ауданының білім беру саласы алдағы уақытта да жаңа жетістіктер мен биік белестерге жете беретіні сөзсіз.
Аудандық әдістемелік кабинетінің меңгерушісі
Л. Олжабаева

