Жазғы демалыс кезеңінде мектебіміз жанынан ұйымдастырылған «Этно-лагерь» өз жұмысын жоспарға сәйкес жоғары деңгейде жүргізуде. Лагерьдің басты мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүрімізді дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамыту және бос уақыттарын пайдалы өткізуге жағдай жасау.
Лагерьдің ашылу салтанаты ерекше көңіл-күймен өтті. І ауысымда 25 оқушы қамтылып, қатысушыларға лагерьдің жұмыс тәртібі мен қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Барлық оқушылар қауіпсіздік техникасымен танысып, арнайы журналға қол қойды.
Лагерь барысында ұлттық ойындар, танымдық сағаттар, қолөнер жұмыстары, шығармашылық байқаулар, спорттық жарыстар мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары, қолөнері мен мәдениеті туралы мол мағлұмат алып, түрлі шеберлік сабақтарына қатысты.
«Бабалар мұрасы – ұрпаққа аманат» тақырыбындағы танымдық кездесулерде оқушылар ұлттық құндылықтардың маңызын түсінді. Сонымен қатар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар арқылы ептілік пен ұйымшылдыққа тәрбиеленді.
Лагерь бағдарламасы аясында шығармашылық күндер өткізіліп, балалар ән айтып, би билеп, сурет салып, өз өнерлерін көрсетті. Табиғатты қорғау, еңбекке баулу және туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру бағытында экологиялық және еңбек акциялары ұйымдастырылды.
Әр күн қызықты әрі мазмұнды өтіп, оқушылар көтеріңкі көңіл-күймен белсенділік танытты. Лагерь жұмысы балалардың ұлттық рухын көтеріп, достық қарым-қатынасын нығайтуға, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға зор ықпал етті.
Қорыта айтқанда, «Этно-лагерь» ұлттық тәрбие мен тағылымның ордасына айналып, оқушылардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік берді. Осындай игі шаралар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыра түседі.

