2026 жылдың 24 сәуірінде «Май орта мектебі» КММ базасында «Жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы білім сапасын арттыру, білім алушылардың оқу жетістіктерін саралау» тақырыбында мазмұнды аудандық семинар өтті. Семинарға ауданымыздың Ащыкөл, Жаңауыл, Ұялы, Ақсары, Бестерек, Үлгілі, Ленинград №2 ОМ және Алқатерек мектептерінен қазақ тілі мен әдебиеті, математика, биология, химия және бастауыш сынып мұғалімдері қатысты. Шараның ашылуында мектеп директоры Г.М. Жукенова қатысушыларға сәттілік тілеп, педагог-психолог ретінде әріптестерінің кәсіби дамуына бағытталған психологиялық тренинг өткізді.
Семинардың практикалық бөлімінде Май орта мектебінің ұстаздары жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын сабақ үдерісінде қолданудың озық үлгілерін көрсетті. Атап айтқанда, 10-сыныпта биология және химия пәндерінің мұғалімі Н.С. Аменова «Электрокардиография, оның диагностикалық маңызы» тақырыбында, ал қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі А.А. Темирбулатова «Томирис драмасы, Шахмардан Құсаинов» бойынша ашық сабақтар өткізді. Сонымен қатар, математика мұғалімі М.Б. Масұғұт 9-сыныпта «Ықтималдықтар теориясының негіздері» тақырыбын, ал бастауыш сынып мұғалімі А.К. Жексембаева жаратылыстану сабағында 4-сынып оқушыларымен «Ғарышта не бар?» тақырыбын ЖИ мүмкіндіктерімен ұштастыра отырып, шебер меңгертті. Сабақтар барысында оқушылардың алған білімдерін өмірлік жағдаяттарда қолдану дағдыларын дамытуға бағытталған функционалдық сауаттылық тапсырмаларына ерекше назар аударылды.
Шара барысында тек ЖИ мүмкіндіктері ғана емес, сонымен қатар оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру және білім алушылардың оқу жетістіктерін мониторингілеуге (ББЖБ) сапалы дайындық мәселелері де кеңінен талқыланды. География мұғалімі А.Х. Кокашева жаратылыстану-ғылыми сауаттылықты арттырудың тиімді әдістері бойынша шеберлік сағатын өткізіп, ББЖБ сынақтарына дайындық барысындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Ерекше атап өтерлік жайт, семинар аясында «Абайдың даналығы мен жасанды интеллект жаңалығы» тақырыбында өткен поэзиялық дебат қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Поэзиялық додада мұғалімдер ұлы хаким Абайдың асыл мұрасы мен бүгінгі технологиялық өзгерістерді ұштастыра отырып, білім берудегі өткір де өзекті тақырыптарды қозғады. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.С. Ибраеваның жетекшілігімен өткен «Қазақша battle» әдеби дуэлі де шараның мазмұнын байыта түсті. Семинар жоғары деңгейде өтіп, аудан педагогтері үшін заманауи технологиялар мен ұлттық құндылықтарды ұштастырудың маңызды тәжірибе алаңына айналды.
Бөлім әдіскері Аягөз Хасенова

